Елордада "Астана – есірткісіз қала!" атты жаппай жүгіру жарысы өтті

Елордада "Астана – есірткісіз қала!" атты жаппай жүгіру жарысы өтті

     Елордадағы Ататүрік саябағында "Заң мен Тәртіп" тұжырымдамасын және 2026-2028 жылдарға арналған есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру аясында "Астана – есірткісіз қала!" ұранымен жаппай жүгіру жарысы ұйымдастырылды.

     Іс-шараның басты мақсаты – жастарды салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыру, белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру және есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуға бағытталған қоғамдық бастамаларды қолдау.

     Мұндай акциялар бұқаралық спортты кеңінен насихаттауға, жастар арасында денсаулық пен қауіпсіздік құндылықтарын дәріптеуге, сондай-ақ есірткіге мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

     Жарысқа елорданың спортшылары, белсенді жастары және салауатты өмір салтын қолдайтын тұрғындардан құралған 300-ге жуық адам қатысты. Қатысушылар өздерінің есірткіге қарсы ұстанымдарын білдіріп, қоғамның болашағы жастардың саналы таңдауы мен жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін көрсетті.

     Іс-шараны Астана қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырды.

     Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай профилактикалық шаралар жастарды пайдалы іске жұмылдырып, олардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар спорт арқылы есірткіге қарсы иммунитет қалыптастырып, өскелең ұрпақтың бойына салауатты өмір салтының маңызын сіңіруге бағытталған.

     "Астана – есірткісіз қала!" акциясы – дені сау ұлт қалыптастыруға, жастардың саналы таңдау жасауына және қауіпсіз қоғам құруға үндейтін маңызды бастама.