
Ақтөбе – Астрахань автожолының 742-шақырымында жеңіл автокөліктер тиеген автовоздың қозғалтқышы істен шығып, жүк көлігі жолда тоқтап қалды.
Көлік құралын Тәжікстан Республикасының азаматы басқарған. Техникалық ақауға байланысты жүргізуші сапарын жалғастыра алмай, бірнеше күн бойы тас жол бойында қалуға мәжбүр болған. Сонымен қатар тасымалданып жатқан автокөліктерді қараусыз қалдыруға болмайтындықтан, жақын маңдағы елді мекендерге барып көмек сұрауға да мүмкіндігі болмаған.
Осы кезеңде патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Ернар Қайржанов пен Әділет Аграмов жүргізушімен тұрақты байланыста болып, оған азық-түлік пен ауыз су жеткізіп отырды. Сондай-ақ олар жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қажетті шараларды қабылдады.
Кейін арнайы техниканың көмегімен автовоз жол жиегінен шығарылып, арнайы алаңға жеткізілді. Қазіргі уақытта жүк көлігі қауіпсіз жерге орналастырылған.
Патрульдік полиция қызметкерлерінің жедел әрекеті мен жауапкершілігінің арқасында жүргізуші қажетті көмекке ие болып, көлік құралы қауіпсіз орынға көшірілді.