
Астанада "Астана – есірткісіз қала" ұранымен көкпардан жарыс ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – ұлттық спорт түрлерін дәріптеу, жастарды салауатты өмір салтына баулу және зиянды әдеттердің алдын алу.
Жарысқа 400-ге жуық спортшы қатысты. Алаңда тартысты дода өтіп, командалар күш-жігері мен төзімділігін көрсетті. Сайыс ұлттық ойын дәстүрлеріне деген құрмет пен спорттық бәсекелестік рухында өтті.
Іс-шара барысында есірткіге қарсы акцияға ерекше көңіл бөлінді. Спорт клубының 200-ге жуық мүшесі "Астана – есірткісіз қала" деген жазуы бар жейделер киіп шықты. Сонымен қатар қатысушылар "Астана – есірткісіз қала" деген ұран жазылған туларды көтеріп, шараның басты идеясын айшықтай түсті.
Жарысқа Астана қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен "Астана Жастары" жастар ресурстық орталығының өкілдері қатысты.
Мұндай іс-шаралар жастарды спорт арқылы белсенді өмір салтына баулуға, есірткіге деген теріс көзқарасты қалыптастыруға және денсаулық, күш-қуат пен ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған.