Ақтөбеде жедел-профилактикалық іс-шара барысында жүздеген құқық бұзушылық әшкереленді

Ақтөбеде жедел-профилактикалық іс-шара барысында жүздеген құқық бұзушылық әшкереленді

     Ақтөбе облысында 5-7 маусым аралығында республика аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында "Қауіпсіз қала" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.

     Іс-шара барысында полиция қызметкерлері 318 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 20 дерек кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамауға, 3 дерек кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол беруге, сондай-ақ 94 дерек 18 жасқа толмағандардың заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде болуына қатысты тіркелді.

     Сонымен қатар 21 жасқа толмаған тұлғаларға алкоголь өнімдерін сатудың 7 фактісі және ұсақ бұзақылықтың 23 дерегі анықталды.

     Іс-шара аясында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. Патрульдік полиция қызметкерлері қарсы қозғалыс жолағына шығудың 5 дерегін және көлік құралын мас күйінде басқарудың 3 фактісін анықтады.

     Мәселен, Тұрмағамбетова көшесінде патрульдік полиция қызметкерлері Chevrolet Cobalt  автокөлігін тоқтатқан. Тексеру барысында 47 жастағы жүргізушінің алкогольдік масаң күйде көлік басқарғаны және оның бұған дейін жүргізуші куәлігінен айырылғаны анықталды.

     Аталған дерек бойынша материалдар жинақталып, сот шешімімен жүргізуші әкімшілік қамауға алынды. Көлік құралы арнайы айыппұл тұрағына қойылды.

     Полиция азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақыра отырып, мас күйінде көлік басқару – адам өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін өрескел құқық бұзушылық екенін ескертеді.