БҚО-да полицейлер зорлық-зомбылыққа қарсы ауқымды флешмоб өткізді

БҚО-да полицейлер зорлық-зомбылыққа қарсы ауқымды флешмоб өткізді

     "Заң мен Тәртіп" қағидатын ілгерілету және "Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан" республикалық акциясы аясында Батыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері отбасы құндылықтарын дәріптеуге бағытталған ауқымды флешмоб ұйымдастырды.

     Іс-шараның мақсаты – қоғам назарын отбасының маңыздылығына аудару, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және отбасындағы өзара құрмет, сенім, сүйіспеншілік пен жауапкершілік сияқты асыл құндылықтарды насихаттау.

     Флешмоб барысында полиция қызметкерлері "Отбасы", "Махаббат", "Мейірім", "Құрмет", "Сыйластық", "Ынтымақ" сөздерін бейнелеп, көпшілікке тағылымды үндеу жолдады. Бұл ұғымдар берік отбасының негізін құрайтын басты құндылықтарды айшықтап, қоғамдағы татулық пен келісімнің маңызын көрсетті.

     Отбасы – тұлғаның қалыптасуына ықпал ететін алғашқы әлеуметтік орта. Адамның дүниетанымы, өмірлік ұстанымы мен адамгершілік қасиеттері ең алдымен отбасында қалыптасады. Сондықтан әрбір шаңырақтағы татулық пен өзара түсіністік қоғамның тұрақтылығы мен мемлекеттің өркендеуінің маңызды кепілі болып саналады.

     Полиция қызметкерлері бұл бастама арқылы зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Өйткені қауіпсіз қоғам ең алдымен берекелі отбасынан басталады. Сыйластық пен қамқорлыққа негізделген ортада өскен бала елдің саналы азаматы болып қалыптасады, ал мұндай отбасылар қоғамның берік іргетасын құрайды.

     Батыс Қазақстан облысының полициясы азаматтарды отбасылық құндылықтарды сақтауға, жақындарына жанашырлық танытуға, дау-жанжалдарды бейбіт жолмен шешуге және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісіне бейжай қарамауға шақырады.

     Берекелі отбасы – қауіпсіз қоғамның, ал қауіпсіз қоғам – қуатты мемлекеттің негізі.