Теміржол вокзалында полиция талабына бағынбаған азамат жауапқа тартылды

Теміржол вокзалында полиция талабына бағынбаған азамат жауапқа тартылды

     Көлік полицейлерінен қашып кетпек болған Қарағанды облысының тұрғыны әкімшілік қамауға алынды.

     4 маусымда Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері теміржол вокзалы аумағын патрульдеу барысында жолаушылар перроны маңындағы автомобиль көпірінің үстінде тұрған ер адамға назар аударған. Аталған тұлға теміржол желісінің контакттік тірегіне қауіпті түрде түсіп, өз өмірі мен айналасындағы адамдардың қауіпсіздігіне қатер төндірген. Ол перронға түскеннен кейін тәртіп сақшыларының заңды талаптарын орындамай, бой тасалауға тырысқан. Көлік полицейлерінің үйлесімді әрекеттерінің нәтижесінде құқық бұзушы ұсталып, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін полиция бөліміне жеткізілді.

     Тексеру барысында ұсталған азаматтың 38 жастағы Қарағанды облысының тұрғыны екені анықталды. Құқық қорғау органының заңды талабына бағынбау дерегі бойынша ер адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, іс материалдары сотқа жолданды.

     Қарағанды қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты азаматты кінәлі деп танып, оған 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамау жазасын тағайындады.

     Көлік полицейлері теміржол инфрақұрылымы нысандары аса қауіпті аймаққа жататынын еске салады. Теміржол маңындағы кез келген ойсыз қадамның соңы қайғыға соқтыруы мүмкін, ал полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады.