
"Жолдағы балалар" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Павлодар облысы Шарбақты ауданының полиция қызметкерлері төтенше жағдайлар қызметінің мамандарымен бірлесіп, "Шағала" жазғы сауықтыру лагерінде демалып жатқан балалар үшін қауіпсіздік күніне арналған ерекше іс-шара ұйымдастырды.
Кездесудің негізгі мақсаты – балаларға жазғы демалыс кезінде жолда, қоғамдық орындарда және демалыс аймақтарында қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін қызықты әрі қолжетімді форматта түсіндіру.
Іс-шараның ең әсерлі бөлігі тәжірибелік бөлім болды. Құтқарушылар балаларға арнайы техникалар мен жабдықтарды таныстырып, төтенше жағдай кезінде өрт сөндіргішті дұрыс пайдалану тәртібін көрсетті. Ал полиция қызметкерлері алынған білімді бекіту мақсатында түрлі танымдық және қимыл-қозғалыс ойындарын ұйымдастырды.
Балалар үшін күннің ең жарқын әрі күтпеген сәті – су шашу шоуы болды. Лагерь басшылығының келісімімен құтқарушылар өрт сөндіру көлігінен су шашып, балаларға ерекше көңіл-күй сыйлады. Су тамшыларына бөленген бүлдіршіндердің шат күлкісі мен көтеріңкі көңіл күйі қауіпсіздік сабағын нағыз мерекеге айналдырды.
– Жазғы демалыс тек қызықты ғана емес, қауіпсіз де болуы керек. Біздің ортақ міндетіміз – балалардың бойына қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру. Бала төтенше жағдайда қалай әрекет ету керектігін неғұрлым жақсы білсе, оның қауіпсіздігі де соғұрлым жоғары болады, – дейді Шарбақты ауданының ювеналдық полиция тобының инспекторы Мирамгүл Тоқпаева.
Іс-шараға қатысқан балалар да өз әсерлерімен бөлісті.
– Бұл лагерьдегі ең қызықты күндердің бірі болды. Бізге тек түсіндіріп қана қоймай, арнайы құрал-жабдықтарды жақыннан көруге мүмкіндік берді. Ал өрт сөндіру көлігінен су шашқан сәт ерекше есте қалды. Енді жолда қалай қауіпсіз жүру керек екенін және өрт кезінде қандай әрекет жасау қажеттігін жақсы білемін, – дейді лагерь тәрбиеленушілерінің бірі.
Кездесу соңында ұйымдастырушылар балаларға қауіпсіз әрі белсенді демалыс тіледі. Осындай интерактивті профилактикалық іс-шаралар Павлодар облысындағы қала сыртындағы лагерьлерде жаз бойы жалғасады.