Жетісу облысында жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу шаралары күшейтілді

Жетісу облысында жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу шаралары күшейтілді

     Жетісу облысында нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды.

     Жетісу облысында облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаевтың төрағалығымен нашақорлыққа қарсы профилактика және есірткі қылмыскерлігіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өңірлік штабтың кезектен тыс II отырысы өтті.

     Жиынға құқық қорғау органдарының, мемлекеттік мекемелердің, білім беру және денсаулық сақтау салаларының өкілдері қатысты. Отырыс барысында жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, есірткі құқық бұзушылықтарының жолын кесу және профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыру мәселелері қаралды.

     Жетісу облысы полиция департаменті тарапынан өңірде жүргізіліп жатқан есірткіге қарсы іс-шаралар мен профилактикалық жұмыстардың нәтижелері баяндалды. Сондай-ақ жастар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, білім беру ұйымдарында профилактикалық кездесулер өткізу, интернет кеңістігінде есірткіге қарсы ақпараттық жұмыстарды жандандыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

     Жиын барысында үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен жұмыстарды дамыту, студент жастар арасында нашақорлықтың алдын алу шараларын күшейту, оқу орындарында темекі шегудің алдын алу, "Театр – тәрбие бастауы" жобасын жалғастыру және жастарды бұқаралық спортқа тартуға бағытталған "J LEAGUE" жобасын іске асыру мәселелері талқыланды.

     Кездесу қорытындысы бойынша жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы күрес бағытындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.