
СҚО-да Мемлекеттік рәміздер күні 9 полиция офицеріне жаңа атақ берілді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнін Солтүстік Қазақстан облысының полиция қызметкерлері салтанатты саптық жиыннан бастады.
Облыстық полиция ведомствосының сап алаңында басшылық, жеке құрам, ардагерлер мен жұртшылық өкілдері Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаны ұстап шыққан топ алдында Мемлекеттік Гимнді орындады.
СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Әлібек Қожахметов жиналғандарды мерекемен құттықтады. Ол Елтаңба, Ту және Гимн әрбір қазақстандық үшін мақтаныш нышаны, ал полицейлер үшін антқа деген адалдықтың символы екенін атап өтті.
Мереке күнгі әсерлі сәттердің бірі жаңа погондарды табыстау болды. Тоғыз қызметкерге кезекті арнайы атақ берілді.
Петропавл қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы Талғат Төлеков алғашқы полиция кіші лейтенанты офицерлік погондарын иеленсе, СҚО ПД жедел басқару орталығы бастығының орынбасары Марат Сатывалдин полиция полковниктерінің қатарын толықтырды.
Салтанатты жиын соңында полицейлер мемлекеттік рәміздердің алдында салтанатты шерумен өтіп, қызмет атқару орындарына тарады.