
Алматы қаласында "Қарасора" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі құралдарының заңсыз айналымын анықтау және оның жолын кесу мақсатында кешенді жедел-іздестіру шараларын жүргізді.
Іс-шара нәтижесінде есірткі заттарын заңсыз сақтап, оларды таратуға қатысы бар деген күдікке ілінген азаматтар ұсталды.
Тінту және тексеру барысында өсімдік тектес және синтетикалық есірткі заттары, сондай-ақ оларды өлшеуге, буып-түюге және пайдалануға арналған электронды таразылар мен орау материалдары тәркіленді.
Сонымен қатар жүргізілген жедел шаралар кезінде тыйым салынған өсімдіктерді сақтау деректері анықталып, қарасораға ұқсас өсімдіктердің түптері табылды.
Жедел-іздестіру жұмыстары барысында заңсыз әрекетке қатысы болуы мүмкін тағы бір азамат анықталып, оның тұрғылықты жерінен есірткі заттары, арнайы құрал-жабдықтар және қылмыстық әрекетті дәлелдейтін өзге де айғақ заттар тәркіленді.
Аталған деректер бойынша есірткі құралдарын өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтау және оларды заңсыз тарату белгілерімен қылмыстық істер қозғалды.
Алматы қаласы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Батыржан Әбдумасаровтың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
- Есірткінің заңсыз айналымы қоғам үшін аса қауіпті құбылыс. Біз есірткі тарату арналары мен оған қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеміз. Әсіресе есірткі өткізумен байланысты қылмыстарды әшкерелеуге ерекше көңіл бөлінеді. Себебі дәл осы тізбек заңсыз есірткі нарығының қалыптасуына негіз болады, – деді ол.
Сондай-ақ ол есірткі қылмысының алдын алу және жолын кесу бағытындағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
- Азаматтарды бейжай қалмай, есірткінің заңсыз айналымына қатысты кез келген дерек туралы құқық қорғау органдарына хабар беруге шақырамыз. Бұл қауіппен тиімді күрес тек қоғам мен полицияның бірлескен әрекеті арқылы мүмкін, – деп түйіндеді басқарма бастығы.