
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай Павлодар облысы полиция департаментінде мемлекеттік әнұранды бір мезетте орындау акциясы өтті.
Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздік пен егемендіктің, ұлттық бірлік пен мемлекеттіліктің айқын белгісі. Олар еліміздің тарихын, рухани құндылықтарын және болашаққа деген ұмтылысын бейнелейді. Сондықтан әрбір азаматтың Ту, Елтаңба және Әнұранның мән-маңызын терең түсініп, оларға құрметпен қарауы маңызды.
1992 жылғы 4 маусымда тәуелсіз Қазақстанның жаңа Мемлекеттік рәміздері бекітілді. Бұл күн ел тарихында ұлттық нышандардың туған күні ретінде ерекше орын алады.
Мемлекеттік рәміздер қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Олар азаматтарды Отанды сүюге, ел тәуелсіздігін құрметтеуге және мемлекеттік құндылықтарды қадірлеуге тәрбиелейді.
Павлодар облысы полиция департаментінде мемлекеттік рәміздерді дәріптеу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. Қызметтік және жауынгерлік даярлық сабақтарында олардың тарихы мен маңызы түсіндіріліп, мемлекеттік рәміздер туралы заңнаманы сақтау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.
Мемлекеттік рәміздер күніне арналған акция аясында саптық бөлімшелердің қызметкерлері қызметке кіріспес бұрын мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетіп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындады.
— Бұл іс-шараның басты мақсаты – мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру, жас қызметкерлердің патриоттық рухын нығайту және елге қызмет ету жауапкершілігін қалыптастыру, — деп атап өтті Павлодар облысы полиция департаментінің өкілдері.