
Атырау облысында полиция қызметкері Ернар Қайржанов адамгершілік пен жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетті. Жол-көлік оқиғасынан кейін еліне оралуға мәжбүр болған Нидерланд азаматының екі мотоциклін екі жылдан астам уақыт аманат ретінде сақтаған тәртіп сақшысы оларды иесіне сол күйінде қайтарып, шетелдік саяхатшының алғысына бөленді.
Полиция қызметі қоғамдық тәртіпті сақтап, құқық бұзушылықтардың алдын алумен ғана шектелмейді. Күнделікті қызмет барысында адамгершілік пен жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсететін оқиғалар да кездеседі. Соның бірі Атырау облысында патрульдік полиция қызметкері, полиция капитаны Ернар Қайржановтың қатысуымен болды.
Осыдан 3 жыл бұрын Аққыстау ауылының маңында Нидерланд Корольдігінің азаматы жол-көлік оқиғасына ұшырады. Ұлымен бірге мотоциклмен әлемді аралап жүрген саяхатшы ауыр жарақат алып, шұғыл медициналық көмекке мұқтаж болған.
Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері қажетті көмекті ұйымдастырып, шетелдік азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Денсаулығына байланысты еліне оралып, ұзақ уақыт ем қабылдауға мәжбүр болған жиһанкез өзіне ерекше қымбат екі мотоциклін уақытша сақтап беру туралы өтініш білдірген.
Саяхатшының өтінішіне түсіністікпен қараған полиция қызметкері Ернар Қайржанов мотоциклдерді өз жауапкершілігіне алып, аманат ретінде сақтауға келіскен. Біраз уақыт олар әлеуметтік желі арқылы байланысып тұрғанымен, кейіннен хабар алмасу тоқтаған.
Арада екі жылдан астам уақыт өткен соң Нидерланд азаматы қайта хабарласып, Қазақстанға келетінін жеткізеді. Оның басты мақсаты – өзіне айрықша қымбат мотоциклдерін алып кету еді.
Кездесу ерекше әсерге толы болды. Ұзақ уақыттан кейін мотоциклдерін сол күйінде көрген шетелдік азамат пен оның ұлы қуаныштарын жасыра алмады. Себебі бұл техникалар олар үшін жай ғана көлік емес, әлемді бірге аралаған өмір жолының ажырамас бір бөлігі болатын.
– Әр адамның өмірінде ерекше құндылықтар болады. Бұл мотоциклдердің иесі үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсіндім. Қазақ халқы үшін аманаттың орны қашанда бөлек. Сондықтан сеніп тапсырылған дүниені иесіне аман-есен қайтаруды азаматтық әрі адами борышым деп санадым, – дейді Ернар Қайржанов.
Өз кезегінде шетелдік саяхатшы қазақстандық полицейдің жауапкершілігі мен жанашырлығына ерекше ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, бұл оқиға Қазақстан туралы ең жылы естеліктерінің бірі болып қала береді.
Бұл оқиға адамгершілік, сенім мен жауапкершілік сияқты асыл құндылықтардың ұлт пен мемлекет шекарасына тәуелді емес екенін көрсетті. Ал полиция қызметкері Ернар Қайржановтың әрекеті қазақстандық полицейлердің кәсіби біліктілігімен қатар, жоғары адами қасиеттерін де айқын дәлелдейді.