
Жетісу облысы полиция департаментінде есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл және Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні қарсаңында атқарылып жатқан профилактикалық жұмыстардың қорытындыларына арналған брифинг өтті.
Жыл басынан бері облыс аумағында есірткінің заңсыз айналымына байланысты 79 құқық бұзушылық тіркелсе, оның 42-сі есірткі қылмыстары санатына жатады.
Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде есірткі заттарын өткізу бойынша 30 дерек, аса ірі мөлшерде сақтау бойынша 6 дерек, есірткіні насихаттау және жарнамалау бойынша 3 дерек, сондай-ақ есірткі құралдарын өндірудің 2 фактісі анықталды.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында заңсыз айналымнан 101 келіден астам есірткі тәркіленді. Тәркіленген заттардың басым бөлігін марихуана мен гашиш құрады.
Өңірде балалар мен жастар арасында нашақорлықтың алдын алу мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Жыл сайын 26 маусымда атап өтілетін Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні қарсаңында облыс көлемінде кешенді профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Жазғы кезеңде мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлерде полиция қызметкерлерінің, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салалары өкілдерінің қатысуымен тақырыптық кездесулер, дәрістер, тренингтер мен профилактикалық әңгімелер өткізіледі. Сонымен қатар педагогтерге, психологтарға және әлеуметтік қызметкерлерге жасөспірімдер арасындағы тәуелділіктің алғашқы белгілерін анықтауға бағытталған арнайы семинарлар ұйымдастырылады.
Бұдан бөлек, өңірде салауатты өмір салтын насихаттау және жастар арасында есірткіге деген теріс көзқарасты қалыптастыру мақсатында спорттық акциялар, велошерулер, турнирлер мен түрлі жастар іс-шаралары жоспарланған.
Полиция есірткі қылмысына қарсы күрес ішкі істер органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесумен қатар, профилактикаға ерекше мән беріледі. Себебі жас ұрпақты есірткі қатерінен қорғаудың ең тиімді жолы – оның алдын алу.