Атырауда "Жолдағы балалар" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде

Атырауда "Жолдағы балалар" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде

     Атырау облысында 3-7 маусым аралығында "Жолдағы балалар" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылуда. Іс-шараның негізгі мақсаты – жазғы демалыс кезеңінде балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жасөспірімдердің жол қозғалысы қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыру және жол қозғалысы ережелерін сақтау деңгейін арттыру.

     Іс-шара аясында полиция қызметкерлері №43 жалпы білім беретін орта мектептің жас жол инспекторларымен және "Тәртіп қырандары" жасақтарының мүшелерімен бірлесіп профилактикалық жұмыстар жүргізді.

     Олар тұрғындарға жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты ақпараттық жадынамалар таратып, көшелер мен жолдарда сақталуы тиіс негізгі қауіпсіздік талаптарын түсіндірді. Сондай-ақ балалардың жолды дұрыс кесіп өтуі, жаяу жүргіншілер өткелдерін пайдалану мәдениеті және жол қозғалысы ережелерін сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

     Полиция қызметкерлері ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне бейжай қарамай, жолда жүру ережелерін үнемі түсіндіріп отыруға шақырады.

     Балалардың қауіпсіздігі – баршамызға ортақ жауапкершілік.