Абай облысы ПД азаматтарды интернет алаяқтарының жаңа тәсілінен сақ болуға шақырады

Абай облысы ПД азаматтарды интернет алаяқтарының жаңа тәсілінен сақ болуға шақырады

     Абай облысы полиция департаменті азаматтарды интернет алаяқтарының жаңа тәсілінен сақ болуға шақырады.

     Соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде "Отбасылық тарифке қосылыңыз, бос орын бар!" деген мазмұндағы хабарламалар жиі таралуда. Алаяқтар ұялы байланыс қызметтерін төмен бағамен пайдалануды ұсынып, азаматтардың сеніміне кіруге тырысады.

     Мұндай ұсынысқа қызығушылық танытып, хабарлама авторларымен байланысқа шыққан азаматтарға арнайы сілтемелер жіберіледі. Алайда бұл сілтемелердің басым бөлігі зиянды бағдарламаларды орнатуға немесе пайдаланушылардың жеке деректерін заңсыз иемденуге бағытталған.

     Күмәнді сілтемеге өткеннен кейін құрылғының жұмысы бұзылып, қаскөйлер смартфонда сақталған жеке мәліметтерге, банк қосымшаларына, әлеуметтік желілердегі аккаунттарға және өзге де құпия ақпараттарға қол жеткізуі мүмкін.

     Алаяқтардың құрбаны болмау үшін полиция келесі қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді:

     - Бейтаныс адамдар жіберген сілтемелерге өтпеңіз;

     - Күмәнді әрі шынайылыққа сай келмейтін тиімді ұсыныстарға сенбеңіз;

     - Жеке деректеріңіз бен банк реквизиттерін бөгде адамдарға бермеңіз;

     - Қосымшаларды тек ресми платформалардан жүктеңіз;

     - Құрылғыңызға антивирустық қорғаныс орнатып, оны үнемі жаңартып отырыңыз.

     Егер күмәнді хабарлама алсаңыз немесе интернет алаяқтарының әрекетіне тап болсаңыз, дереу полицияға хабарласыңыз.