
Абай облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған ауқымды флешмоб ұйымдастырылды. Іс-шараға 300-ге жуық жас қатысып, ашық алаңда алып жүрек бейнесін қалыптастырды.
Акцияның негізгі мақсаты – қоғам назарын отбасылық құндылықтарды нығайтуға, өзара сыйластық пен адамгершілікті дәріптеуге аудару. Жастар “Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан” ұраны аясында бірігіп, зорлық-зомбылыққа қарсы өз ұстанымдарын білдірді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық тек жекелеген отбасының мәселесі емес, бүкіл қоғамға әсер ететін өзекті әлеуметтік мәселе болып табылады. Сондықтан мұндай бастамалар қоғамда мейірім, қамқорлық және жауапкершілік құндылықтарын насихаттауға бағытталған.
Флешмоб барысында қатысушылар зорлық-зомбылықсыз қоғам құру әр азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Алып жүрек бейнесі қауіпсіз, берекелі және бақытты отбасыға деген ортақ ұмтылыстың символына айналды.
Іс-шара арқылы жастар қоғамға маңызды үндеу жолдап, әрбір бала қауіпсіз ортада өсіп, әрбір отбасыда өзара құрмет пен түсіністік салтанат құруы тиіс деген ойды жеткізді.
Ұйымдастырушылар мұндай профилактикалық және тәрбиелік шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.