Жамбыл облысында полицияның автопаркі жаңа көліктермен толықты

Жамбыл облысында полицияның автопаркі жаңа көліктермен толықты

     Жамбыл облысында құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жалғасып жатыр.

     Бүгін облыс әкімі Ербол Қарашөкеев облыстық полиция департаментіне 88 жаңа қызметтік автокөліктің кілтін табыстады.

     Жаңадан берілген техникалардың қатарында патрульдік полиция қызметіне арналған 60 Skoda автокөлігі, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторларға 10 көлік, эвакуаторлар, сондай-ақ әр аудандық полиция бөлімдеріне бір-бірден автобус берілді.

     Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген облыс әкімі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде полиция қызметкерлерінің рөлі ерекше екенін атап өтті.

– Азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтау – мемлекет алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан полиция қызметкерлерінің жұмысына қолайлы жағдай жасап, қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз ету әрдайым назарда болады, – деді Ербол Қарашөкеев.

     Жаңа автокөліктер құқық қорғау органдарының жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырып, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.

     Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев көрсетілген қолдау үшін алғысын білдірді.

– Өңірде құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық әлеуетін күшейту бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл бастамалар полиция қызметінің тиімділігін арттырып қана қоймай, халықтың қауіпсіздік деңгейін жақсартуда өз септігін тигізеді, – деді ПД бастығы.