Түркістанда "Жас жол инспекторы – 2026" байқауы өтті

Түркістанда "Жас жол инспекторы – 2026" байқауы өтті

     Түркістан қаласында жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін арттыру, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында "Жас жол инспекторы – 2026" қалалық байқауы ұйымдастырылды.

     Іс-шараға 12-14 жас аралығындағы 40 оқушы қатысып, жол қозғалысы ережелері бойынша теориялық білімдері мен тәжірибелік дағдыларын ортаға салды. Байқау бірнеше кезеңнен тұрды, оның барысында қатысушылар жол қауіпсіздігіне қатысты дайындық деңгейін жан-жақты көрсетті.

     Байқау қорытындысы бойынша І орынды №4 мектеп-лицейінің командасы иеленді. ІІ орын №19 жалпы білім беретін мектепке, ал ІІІ орын №9 мектеп-гимназиясына бұйырды.

     Сонымен қатар бірқатар білім беру ұйымдары арнайы номинациялармен марапатталды. Атап айтқанда, №5 жалпы білім беретін мектеп – "Үздік білгірлер – 2026", №13 мектеп-гимназиясы – "Үздік жас жол инспекторы – 2026", ал №14 жалпы білім беретін мектеп – "Үздік санитар – 2026" номинациясының иегері атанды.

     Жеңімпаздар мен белсенді қатысушыларды Түркістан қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұрсұлтан Түймебаев марапаттап, дипломдар, алғыс хаттар және кубоктар табыстады.

     Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай байқаулар жасөспірімдердің жол ережелерін терең меңгеруіне, жауапкершілік сезімін қалыптастыруға және жол қозғалысы қауіпсіздігі мәдениетін дамытуға ықпал етеді.