
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің төрағалығымен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысы өтті.
Жиынға ШҚО полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы, әкімшілік полиция басқармасы, сондай-ақ өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттық корпус мүшелері мен қоғам белсенділері қатысты.
ШҚО полиция департаменті атынан әкімшілік полиция басқармасының бастығы Талғат Нуриев және қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Нұрлан Жарылғақов баяндама жасады.
Отырыс барысында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, оларды жұмыспен қамту, сондай-ақ студенттер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері кеңінен қаралды.
Әсіресе жол-көлік оқиғаларының алдын алу және каникул кезеңіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар тұрақты рейдтік іс-шаралар жүргізу, мектептермен және ата-аналармен тығыз байланыс орнату қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар жиында жасөспірімдер арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алу, психологиялық қолдау көрсету және кәмелетке толмағандарға уақтылы көмек ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Қатысушылардың пікірінше, мемлекеттік органдар мен қоғамның бірлескен жұмысы ғана жас ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оларды түрлі қауіп-қатерден қорғауға мүмкіндік береді.