
Төлеби ауданында полицейлердің ұйымдастыруымен “Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан” тақырыбында флешмоб өткізілді. Шараның негізгі мақсаты – отбасы құндылықтарын нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, сондай-ақ мүлдем төзбеушілік қағидатын насихаттау.
Іс-шара барысында қатысушылар отбасының қоғамдағы рөліне тоқталып, мейірім мен сыйластыққа негізделген жанұя – қоғамның берік кепілі екенін атап өтті. Сонымен қатар тәртіп сақшылары тұрғындарға отбасындағы қауіпсіздіктің маңызын түсіндіріп, құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында жұмыстар жүргізді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, отбасы – әр адамның өміріндегі ең қастерлі құндылық, сенім мен қолдаудың ордасы. Әрбір шаңырақта тыныштық пен түсіністік орнағанда ғана қоғамда тұрақтылық пен береке қалыптасады.
Осындай тағылымды шаралар қоғам назарын отбасы институтын қорғауға аударып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және ізгі құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.