
"Демалыс" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Батыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері қалалық білім бөлімінің өкілдерімен бірлесіп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Орал қаласы аумағында рейдтік іс-шаралар өткізді.
Іс-шара барысында ойын-сауық орындары, қоғамдық орындар, компьютерлік клубтар мен көшелер тексерілді. Тексеру нәтижесінде түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүрген жасөспірімдер анықталды. Сондай-ақ жасөспірімдерге құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігі ескертілді.
Рейд барысында ата-аналар мен тұрғындарға балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жедел-профилактикалық іс-шараның төрт күні ішінде 261 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Атап айтқанда, кәмелетке толмағанды тәрбиелеу, оған білім беру және оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамаудың 29 фактісі анықталды.
Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол берудің 3 фактісі, жасөспірімдер арасындағы бұзақылықтың 4 фактісі, 18 жасқа толмағандардың алкогольдік ішімдіктер тұтынуы немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келуінің 2 фактісі тіркелді. Бұдан бөлек, кәмелетке толмағандардың заңды өкілінсіз түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе тұрғын үй аумағынан тыс жерде болудың 223 дерегі анықталды.
Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар жалғасуда.