СҚО-да полицейлер есірткіге қарсы айлықтың басталғанын жариялады

СҚО-да полицейлер есірткіге қарсы айлықтың басталғанын жариялады

     Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған айлықтың басталуына үн қосты. Тәртіп сақшыларына еріктілер, спортшылар, студенттер, прокуратура өкілдері және қоғам белсенділері қолдау білдірді.

     Петропавл қаласының орталық алаңында акцияға қатысушылар ту мен баннерлер ұстап, арнайы проморолик түсірді. Спорттық жаттығудан кейін олар қала көшелеріне шығып, тұрғындармен профилактикалық әңгімелер жүргізіп, ақпараттық жадынамалар таратты.

     Қатысушылардың тағы бір тобы есірткі жарнамасы бар граффитилерді жоюмен айналысты. Белсенділер полицейлермен бірге тыйым салынған заттарды насихаттайтын жазуларды бояп өшірді.

     Облыста Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне дейін жастарға бағытталған түрлі ақпараттық және креативті іс-шаралар өткізілетін болады.

     Олардың басты мақсаты — қоғамның назарын есірткі мәселесіне барынша аудару. "Заң мен Тәртіп" тұжырымдамасы әрбір азаматтың ортақ іске белсенді қатысуын көздейді.

     Полицияның халықпен тығыз байланысы нақты нәтиже беруде. Жыл басынан бері СҚО тұрғындарының хабарламалары негізінде тәртіп сақшылары есірткі ресурстарына қатысты 35 сілтемені бұғаттады. Жалпы, тұрақты мониторинг нәтижесінде облыс полицейлері 490 сілтемені бұғаттауға жолдады.

     Есірткі құқық бұзушылықтары туралы кез келген ақпаратты анонимді түрде мына телефондар арқылы хабарлауға болады: 8 (7152) 39-41-93 немесе 8-707-500-96-65.