
Жамбыл облысы полиция департаментінде "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында "Полицияның бір күні" акциясы өтті. Іс-шараны департаменттің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырып, оған Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының өкілдері, студент жастар, "Нығмет нұры" қоғамдық бірлестігі, "Жасыл ел" еңбек жастар жасағы, сондай-ақ ММА жекпе-жек федерациясының әлем және Азия чемпиондары қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты — жас ұрпақ арасында салауатты өмір салтын насихаттау, есірткінің қоғамға тигізетін зиянын түсіндіру және құқық қорғау органдарының қызметімен жақынырақ таныстыру болды.
Іс-шара барысында қонақтар полиция департаментінің мұражайын аралап, ішкі істер органдарының қалыптасу тарихымен танысты.
Сонымен қатар қызметтік борышын атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкерлерінің өнегелі өмір жолы мен жанқиярлық ерліктері туралы мағлұмат алды. Бұл жастардың бойында патриоттық рух қалыптастырып, ел қауіпсіздігі жолындағы полиция қызметкерлерінің еңбегін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Ашық есік күні аясында қатысушылар жедел басқару орталығының жұмысымен де танысты. Мамандар орталықтың тәулік бойы атқаратын қызметі, заманауи бақылау жүйелері және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстары туралы жан-жақты ақпарат берді.
Шара соңында ұйымдастырушылар жастарды зиянды әдеттерден аулақ болып, спортпен шұғылдануға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар полиция қызметкерлеріне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, толыққанды жауаптар алды.