
"Соңғы қоңырау" мерекесі мен мектеп бітіру кештері қарсаңында Павлодар облысының полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейтті.
Құқықтық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өңірде кешенді профилактикалық шаралар қолға алынған. Таңғы уақыттан бастап мектеп аумақтарында, сондай-ақ адамдар көп жиналатын орындарда күшейтілген патрульдік жасақтар қызмет атқаруда. Әрбір білім беру ұйымына жауапты полиция қызметкерлері бекітілген.
Сонымен қатар оқу орындарында ата-аналардың, оқушылар мен педагогтердің қатысуымен түсіндіру және профилактикалық кездесулер ұйымдастырылып жатыр.
Тәртіп сақшылары әсіресе түлектердің автокортеж ұйымдастыруы, құжатсыз көлік жүргізу фактілері мен жол қозғалысы ережелерін бұзу жағдайларына ерекше назар аударуда. Кәмелетке толмағандардың қатысуымен болуы мүмкін құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ойын-сауық орындары да бақылауға алынған.
Полиция қызметкерлері ата-аналарды балаларының қауіпсіздігіне мұқият қарауға шақырып, тұрғындарды қоғамдық орындарда тәртіп сақтауға үндеді.
— Біздің басты міндетіміз — қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу. Қабылданып жатқан шаралар тәуекелдерді азайтып, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, — деп атап өтті ведомство өкілдері.
Сондай-ақ полиция қандай да бір төтенше жағдай немесе құқық бұзушылық орын алған жағдайда, азаматтарды дереу "102" арнасына хабарласуға шақырды.