Жамбыл облысында есірткіге қарсы іс-шаралар өткізілуде

Жамбыл облысында есірткіге қарсы іс-шаралар өткізілуде

     Жазғы демалыста жасөспірімдер мен жастардың бос уақыты көбейеді. Осыған байланысты оларды заңсыз есірткі айналымына қатысты қылмыстық схемаларға тарту қаупі де арта түседі.

     Осыған орай, Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жастарға маңызды ескерту жасайды: "тез әрі оңай табыс" туралы ұсыныстарға алданбаңыздар. Мұндай әрекеттер қылмыстық жауапкершілікке әкеліп, болашаққа үлкен зиянын тигізуі мүмкін.

     Жамбыл облысында 25 мамыр мен 26 маусым аралығында Халықаралық нашақорлықпен және есірткінің заңсыз айналымымен күрес күніне орай бір айлық іс-шаралар өткізілуде. Осы шара барысында полиция қызметкерлері жастар арасында профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, есірткі қылмыстарына қатысудың құқықтық салдарын түсіндіруде және заңды, қауіпсіз жолды таңдауға шақыруда.

     Қаскөйлер жастарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы есірткі таратуға жиі тартады. "Тәжірибесіз жоғары табысты жұмыс" деген желеумен жасөспірімдерге интернет-дүкендердің мекенжайларын граффити түрінде жазу, есірткі жасырын орындарын дайындау, тыйым салынған заттарды тасымалдау немесе курьер болу ұсынылады.

     Жастар мұндай әрекеттерді зиянсыз деп ойлайды. Алайда, заң мұны есірткі бизнесіне қатысу деп бағалайды.

     Полиция қызметкерлері есірткі құралдарын жарнамалайтын немесе насихаттайтын граффити жазуларын салу қылмыстық жауапкершілікке жататынын еске салады. Мұндай әрекеттер үшін мүлкін тәркілеумен немесе алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

     Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабына сәйкес есірткі құралдарын заңсыз сатып алғаны, сақталғаны, тасымалдағаны, жөнелткені және өткізгені үшін мүлкін тәркілеумен бес жылдан жиырма жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

     Полиция өкілдері есірткі схемаларын ұйымдастырушылар көбіне тасада қалып, ал орындаушы ретінде жастардың пайдаланылатынын атап өтеді. Күмәнді табысқа келіскен жастар өз болашағына, біліміне, мансабына және бостандығына қауіп төндіреді.

     Бір ғана ойланбай жасалған қадам бүкіл өмірді өзгертуі мүмкін. Есірткі қылмыстары "ауыр" немесе "жеңіл" болып бөлінбейді. Есірткіні таратуға қатысты кез келген әрекет заң алдындағы жауапкершілікке әкеледі.

     Полиция жастарды заңды жолды таңдауға, интернеттегі күмәнді ұсыныстарға келіспеуге шақырады және "жеңіл" ақша тым қымбатқа түсуі мүмкін екенін ескертеді.