
Елордада "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасын және 2026-2028 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткіге қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру аясында "Астана — есірткісіз қала!" ұранымен ауқымды авто-мотошеру ұйымдастырылды. Іс-шараны есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы Авто-мотоспорт федерациясымен бірлесіп өткізді.
Акцияға 2 мыңнан астам адам қатысты.
Шеруді мотоциклшілер бастап жүрсе, олардың соңынан есірткі қаупіне қарсы бастаманы қолдаған автокөлік жүргізушілері ерді. Қатысушылар салауатты өмір салтын, белсенді спорт түрлерін және пайдалы әуестенулерді зиянды әдеттер мен есірткіге балама ретінде насихаттаудың маңызын атап өтті.
Авто-мотошеру мотомектеп аумағында қорытындыланды. Мұнда қатысушылар мен қонақтар үшін әсерлі дерби шоу ұйымдастырылды. Спортшылар мен мотоспорт әуесқойлары көлік жүргізудегі шеберліктерін, маневр жасау қабілеттерін және экстремалды басқару элементтерін көрсетті. Бұл көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырып, іс-шараның спорттық мазмұнын айшықтай түсті.
Ұйымдастырушылар мен қатысушылар мұндай бастамалардың есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуда, салауатты өмір салтын дәріптеуде және бұқаралық спортты дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сонымен қатар мұндай іс-шаралардың қоғам тарапынан кең қолдау тауып, жастар арасында есірткіге қарсы тұрақты көзқарас қалыптастыруға, оларды белсенді әрі пайдалы демалыс түрлеріне тартуға ықпал ететіні айтылды.