
Елордада тыйым салынған заттарды таратумен айналысқан күдіктінің заңсыз әрекетінің жолы кесілді.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында есірткі заттарын сақтау және таратуға күдікті ретінде 35 жастағы қала тұрғыны анықталды.
Күдіктіні тұрғылықты мекенжайы бойынша ұстау кезінде полицейлер өзіне тән иісі бар жасыл түсті зат салынған орамаларды тапты. Аталған зат марихуана екені анықталды.
Кейін ер адамның тағы бір пәтерді жалға алып, онда да тыйым салынған заттарды сақтағаны белгілі болды. Аталған пәтердің балконынан ақ түсті ұнтақ тәрізді, өзіне тән иісі бар зат салынған 10 полиэтилен орама табылды. Сараптама қорытындысы бойынша оның жалпы салмағы 100 гр мефедрон екені анықталды.
Сонымен қатар есірткі қалдықтары бар контейнерлер, zip-пакеттер, электронды таразылар және түрлі түсті изоленталар тәркіленді.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық заттай айғақтар тәркіленді. Медициналық куәландыру нәтижесінде күдіктінің есірткі заттарын қолданғаны да анықталды. Ол қамауға алынды.
Полиция тыйым салынған заттарды сақтау және таратқаны үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салып, мұндай фактілер туралы ақпарат болған жағдайда дереу 102 нөміріне хабарласуға шақырады.