
Астана қаласында өтіп жатқан "Назар аударыңыз – балалар!" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында №88 мектепте "Үйге қауіпсіз жол" тақырыбында ауқымды профилактикалық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараны Астана қаласы полиция департаментінің қызметкерлері білім беру ұйымының өкілдерімен бірлесіп өткізді.
Шараның негізгі мақсаты – балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, кәмелетке толмағандардың жол қозғалысы ережелері бойынша білім деңгейін арттыру және көшедегі қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыру.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері оқушыларға жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңызын түсіндіріп, жаяу жүргіншілер өткелінен дұрыс өту, бағдаршам талаптарын сақтау, қоғамдық көлікті қауіпсіз пайдалану және үйге дейінгі қауіпсіз бағытты таңдау қағидалары жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар балаларға жолда аса мұқият болу, ұялы телефонға алаңдамау және құлаққаппен жүрмеу қажеттігі ескертілді.
Іс-шара аясында оқушылар жол қауіпсіздігі тақырыбында арнайы дайындалған үгіт-насихат бригадаларының шығармашылық қойылымдарын ұсынып, жолдағы тәртіп пен қауіпсіздік мәдениетін насихаттады. Сондай-ақ қатысушыларға танымдық бейнематериалдар көрсетіліп, балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері түсіндірілді.
Практикалық бөлімде мектеп оқушылары жолды қауіпсіз кесіп өту бойынша тәжірибелік дағдыларын пысықтап, полиция қызметкерлерінің қатысуымен арнайы қауіпсіздік жаттығуларына қатысты.
Астана қаласы полиция департаменті ата-аналар мен жүргізушілерді балалар қауіпсіздігіне бейжай қарамауға және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Полицейлердің айтуынша, мұндай профилактикалық шаралар жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, балалардың қауіпсіз ортада тәрбиеленуіне және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға ықпал етеді.