
"Заң және Тәртіп" қағидатын іске асыру аясында көліктегі полиция департаменті елімізге келетін шетел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ақпараттық сүйемелдеу жұмыстарын жалғастыруда.
Жыл басынан бері көлік полицейлері QR-коды бар шамамен 233 мың туристік карточка таратқан. Ішкі істер министрлігінің бастамасымен ақпараттық материалдар Қазақстан Республикасына кіру кезінде, оның ішінде халықаралық әуежайларда, жолаушылар пойыздарында және теміржол вокзалдарында таратылуда.
Шетел азаматтарын ақпараттандыруға бағытталған кезекті акция Астана халықаралық әуежайында өтті. Онда Камрань – Астана, Мәскеу – Астана, Ташкент – Астана және Омбы – Астана бағыттарымен келген жолаушыларға туристерді қолдауға арналған цифрлық сервистерге қол жеткізу мүмкіндігі бар туристік карточкалар табысталды. Осындай іс-шаралар Алматы, Шымкент және Ақтау қалаларының әуежайларында да ұйымдастырылды. Бір күннің ішінде тәртіп сақшылары шамамен 400 туристік карточка таратты.
Көліктегі полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Тоғызбаевтың айтуынша, жазғы маусымның басталуымен алыс және жақын шетелдерден келетін қонақтар саны айтарлықтай артады. Негізгі міндет – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және елімізге келетін азаматтар үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасау.
- Шетел азаматтары туристік карточкаларды елге кірген сәттен бастап алады. QR-код арқылы олар safetravel.kz порталы мен мобильді қосымшасына өтіп, қажетті ақпаратқа қол жеткізе алады. Онда жедел қызметтердің байланыс нөмірлері, көші-қон есебінің тәртібі, такси сервистері мен ұялы байланыс операторлары туралы мәліметтер, сондай-ақ қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдеріндегі жеке қауіпсіздік жөніндегі ұсынымдар орналастырылған. Бұл туристерге жылдам бағдар алып, қажет болған жағдайда жедел көмек алуға мүмкіндік береді, – деді Ерлан Тоғызбаев.
Профилактикалық іс-шаралар барысында Ресейден келген туристер көрсетілген қолдау үшін қызметкерлерге алғыс білдіріп, мұндай көмек өзге елде сенімділік пен қорғалғандық сезімін арттыратынын атап өтті. Ал Ташкенттен келген қонақтар көші-қон мәселелері бойынша сұрақтар қойып, полиция қызметкерлері оларға Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасының талаптарын түсіндірді.
Шетелдік туристерді ақпараттандыру және сүйемелдеу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп, қауіпсіздік деңгейін арттыруға және Қазақстанның халықаралық қонақтар үшін ашық әрі қауіпсіз мемлекет ретіндегі имиджін нығайтуға бағытталуда.