
Павлодар облысында 18 мамыр мен 8 маусым аралығында "Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан" атты ауқымды республикалық акция өтуде. Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрмыстық қылмыстардың алдын алу, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ отбасы құндылықтарын нығайту.
Акция аясында полиция қызметкерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері, психологтар мен қоғам белсенділері тұрғындар арасында кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Ұйымдастырушылар қоғамның тұрмыстық зорлық-зомбылыққа деген көзқарасын өзгертіп, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруды және қиын жағдайға тап болған адамдарға жан-жақты қолдау көрсетуді көздейді.
— Акция барысында Павлодар қаласында тұрғындармен ашық кездесулер, дөңгелек үстелдер мен профилактикалық дәрістер ұйымдастырылуда. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтар тәжірибелі заңгерлер мен білікті психологтардан анонимді түрде тегін кеңес ала алады. Сонымен қатар тәртіп сақшылары жасырын отбасылық жанжалдарды ерте анықтап, жәбірленушілерге жедел көмек көрсетуге ерекше назар аударып отыр, — деді Павлодар қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Қарабаев.
Полиция қызметкерлері үй – қорқыныш пен қысымның емес, қауіпсіздік пен өзара сыйластықтың, мейірім мен жылулықтың мекені болуы тиіс екенін еске салады.
Мамандардың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан әрбір азаматтың бейжай қалмай, белсенді азаматтық ұстаным танытуы маңызды.