ШҚО-да "Қауіпсіз жол" профилактикалық іс-шарасы өтуде

ШҚО-да "Қауіпсіз жол" профилактикалық іс-шарасы өтуде

     ШҚО-да "Қауіпсіз жол" профилактикалық іс-шарасының алғашқы күні қорытындыланды.

     Шығыс Қазақстан облысында 17-25 мамыр аралығында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жүргізушілердің жолдағы тәртібін күшейту мақсатында "Қауіпсіз жол" жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

     Іс-шараның алғашқы күнінде полиция қызметкерлері 300-ден астам құқық бұзушылықты анықтады. Мас күйінде көлік басқарған 8 жүргізуші ұсталды. Сонымен қатар 16 мемлекеттік тіркеу нөмірі алынып, 51 көлік құралының пайдаланылуына уақытша тыйым салынды. 30-дан астам автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.

     Мас күйінде көлік басқару деректерінің басым бөлігі Өскемен қаласы мен Глубокое ауданында тіркелген. Сондай-ақ мопед жүргізушілеріне ерекше назар аударылып, бір тәулік ішінде тиісті тіркеусіз жүрген 17 дерек анықталды.

     Күршім ауданында полицейлер жалған мемлекеттік нөмір таққан "ВАЗ-2107" автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында көліктің шанақ нөмірі тіркеу құжаттарындағы мәліметтерге сәйкес келмейтіні белгілі болды. Ал Алтай ауданында қарсы бағыттағы жолаққа шыққан жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

     Полиция жол қозғалысына қатысушыларды жол жүру қағидаларын қатаң сақтауға, жолда барынша мұқият болып, өзара сыйластық танытуға шақырады.