
Абай облысында 17-25 мамыр аралығында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында "Қауіпсіз жол" жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Аталған шара аясында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерінің сақталуын күшейтілген режимде бақылауда ұстауда.
Бір күн ішінде өңірде 186 құқық бұзушылық анықталып, олардың жолы кесілді. Атап айтқанда: техникалық талапқа сай келмейтін көліктер — 34, техникалық тексеруден өтпеген көліктер — 20, көлік жүргізу кезінде ұялы телефонды пайдалану — 31, қауіпсіздік белдігін тақпау және тасымалдау ережелерін бұзу — 60, балаларды арнайы құрылғысыз тасымалдау — 8, мас күйінде көлік басқару — 9, сондай-ақ жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарудың 8 дерегі тіркелді. Бұдан бөлек, 22 автокөлік айыптұраққа қойылды.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, жол қауіпсіздігі — баршаға ортақ жауапкершілік.
— Әрбір жүргізуші жол ережесін сақтай отырып, тек өз өміріне ғана емес, өзгенің де қауіпсіздігіне жауапты екенін ұмытпауы тиіс. Біздің басты мақсатымыз — адам өмірі мен амандығын сақтау, — дейді тәртіп сақшылары.
Сондай-ақ олар көлік жүргізу кезінде ұялы телефонды пайдаланбауға, қауіпсіздік белдігін тағуға және балаларды арнайы қауіпсіздік құрылғыларымен тасымалдауға ерекше мән беруге шақырды.
— Жолдағы тәртіп — қауіпсіз қоғамның кепілі. Қарапайым ережелерді сақтау арқылы көптеген қайғылы жағдайлардың алдын алуға болады, — деп атап өтті полиция өкілдері.
Жол — тек қозғалыс кеңістігі ғана емес, адам өмірімен тікелей байланысты маңызды орта. Сондықтан әр сәтте сақтық танытып, жол мәдениетін бірге қалыптастыру — ортақ міндет.