Екібастұзда полицейлер мен еріктілер есірткі граффитилерін жойды

Екібастұзда полицейлер мен еріктілер есірткі граффитилерін жойды

     Екібастұзда полицейлер мен еріктілер есірткі граффитилерін бояп, түсіндіру парақшаларын таратты.

     Павлодар облысында еріктілер полиция қызметкерлеріне есірткі жарнамасына қарсы күресте көмектесуде. Өңірде жастар мен қоғам белсенділері есірткіге қатысты граффитилерді өшіріп, профилактикалық шараларға қатысуда.

— Мен Екібастұзда туып-өстім. Осында білім алып жүрмін және болашақта да осы қалада жұмыс істегім келеді. Бұл жерде менің жақындарым мен достарым тұрады. Күн сайын спортпен айналысамын, сүйікті ісіммен шұғылданамын, достарыммен кездесіп, қаланы аралаймын. Мен Екібастұзды шексіз жақсы көремін. Сондықтан есірткіге қарсы акцияларға әрдайым қатысамын. Салауатты қоғамда өмір сүріп, бақытты отбасы құрғым келеді, — дейді акция қатысушысы Николай.

— Мен осы қалада оқимын және өмірде нақты мақсаты жоқ, бос сенделіп жүрген жастарды жиі көремін. Оның қолы да, аяғы да бар, дені сау. Неге жұмыс істеп, өзіне, туыстарына және мемлекетке пайда әкелмеске? Неге өмірін пайдасыз әрі тыйым салынған нәрселерге жұмсауы керек? Жақындарыңмен бірге бақытты өмір сүруге болады ғой, — дейді студент Айгерім.

     Екібастұз қалалық полиция басқармасының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің жедел уәкілі Диас Смақовтың айтуынша, жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу — басты міндеттердің бірі. Әсіресе, есірткі қылмыстарының алдын алуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған еріктілер жұмысына ерекше көңіл бөлінеді.

     Қазіргі таңда облыс орталығында 300-ден астам ерікті полицияға көмектесуде. Олардың қатарында жастар ұйымдары мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері бар. Олар бірлесіп, есірткі саудасы мен оның жарнамасының таралуына жол бермеу мақсатында түрлі акциялар өткізеді. Еріктілер велошерулерге, флешмобтар мен челлендждерге қатысады. Сондай-ақ олар есірткі граффитилерін бояп, интернеттегі тыйым салынған заттарды сатуға қатысты ақпараттарды жояды.

— Биыл біз 23 іс-шара ұйымдастырдық. Соның барысында шамамен 50 граффити өшірілді, — деп атап өтті ведомство өкілдері.  

     Екібастұз тұрғындары да есірткі қылмысына қарсы күреске белсенді қатысуда. Олар күн сайын есірткі жасырушылар, таратушылар мен есірткі қолданушылар туралы, сондай-ақ заңсыз айналым орындары жөнінде хабарлап отырады.

— Бүгінде нашақорлық — баршаға ортақ қасірет. Онымен тиімді күресу үшін бәріміз бірлесіп әрекет етуіміз керек, — деп қорытындылады Екібастұз қалалық полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі Досжан Алтаев.