Маңғыстау облысында полиция қатарында 30 отбасылық жұп қызмет етеді

Маңғыстау облысында полиция қатарында 30 отбасылық жұп қызмет етеді

     Маңғыстау облысы полиция департаментінің қатарында қызмет барысында танысып, шаңырақ көтерген 30 отбасылық жұп еңбек етуде. Оларды тек қызмет қана емес, ортақ мамандық пен өмір жолы да тоғыстырған.  

     Олар күнделікті қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында қызмет етіп, күрделі жұмыста бір-біріне қолдау көрсетіп келеді. Сонымен қатар жас ұрпаққа үлгі болып, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге және заңға құрмет, жауапкершілік, отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға үлес қосуда.

     Осындай отбасылардың бірі — Мұнайлы аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция ротасының командирі Әли Ұзақбаев және полиция департаментінің аға криминалисі Ақмарал Шәулиева. Олар қызмет барысында танысып, 2015 жылы шаңырақ көтерген. Бүгінде үш бала тәрбиелеп отыр.

     Сондай-ақ тағы бір полицей отбасы — Маңғыстау облысы ПД цифрландыру және жасанды интеллект басқармасының аға инспекторы Арайлым Жанысбай және Маңғыстау аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция инспекторы Дәурен Өтеков. Олар да қызмет барысында танысып, бүгінде бір ұл тәрбиелеп отыр.

     Берік отбасы — әр қызметкер үшін сенімді тірек. Полицей отбасылары адамгершілік құндылықтарды нығайтуға, дәстүр сабақтастығын сақтауға және қызмет беделін арттыруға елеулі үлес қосуда.

     Халықаралық отбасы күніне орай Маңғыстау облысы полиция департаменті барлық қызметкерлердің отбасыларын құттықтап, амандық, татулық пен береке тіледі.