
Абай облысында биылғы жылдың алғашқы төрт айында тұрмыстық салада 1345 құқық бұзушылықтың жолы кесілді.
Полиция департаменті тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес өңірдегі негізгі басым бағыттардың бірі болып қала беретінін атап өтті. Бұл ретте әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқық бұзушылардың жауапкершілігін күшейту және жәбірленушілерге қолдау көрсету мәселелері Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында талқыланды. Профилактикалық жұмыстар туралы Абай облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Мейрбек Нурекенов баяндады.
Спикердің айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес мәселесі Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Осыған байланысты заңнамаға жәбірленушілерді қорғауды күшейтуге және "отбасылық бұзақылардың" жауапкершілігін арттыруға бағытталған бірқатар өзгерістер енгізілген.
— Денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғуға қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтар қылмыстық теріс қылықтар санатына ауыстырылды. Сонымен қатар 2025 жылғы 16 шілдеден бастап сталкинг, яғни адамның еркінен тыс заңсыз қудалау, сондай-ақ некеге тұруға мәжбүрлеу әрекеттері үшін жауапкершілік енгізілді. Биыл осы баптар бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық пен күш қолдану деректеріне жол берген 34 тұлға анықталды, — деді Мейрбек Нурекенов.
Оның мәліметінше, полиция қызметкерлері агрессивті мінез-құлыққа бейім азаматтармен тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді.
Жыл басынан бері тұрмыстық салада тіркелген 1345 әкімшілік құқық бұзушылықтың басым бөлігін отбасылық жанжалдар құрайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 1149 қорғау нұсқамасы шығарылып, олардың талаптарын бұзғаны үшін 122 адам жауапкершілікке тартылған.
Сондай-ақ тіркелген материалдардың 100-інде құқық бұзушылықтың қайталану белгілері анықталған. Бұл жекелеген азаматтардың агрессивті мінез-құлқы сақталып отырғанын және профилактикалық бақылауды күшейту қажеттігін көрсетеді.
Баспасөз мәслихаты барысында агрессорларды қайта әлеуметтендірумен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына, әсіресе отбасылық жанжалдардың куәсі болған балаларға психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетудің маңыздылығы да атап өтілді.