Жамбыл облысында полиция спортшылармен профилактикалық кездесулер өткізді

Жамбыл облысында полиция спортшылармен профилактикалық кездесулер өткізді

     Жамбыл облысында полиция спортшылармен профилактикалық кездесулер өткізуде.

     Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен жасөспірімдер қылмысының алдын алу мақсатында Жамбыл облысы полиция департаментінің қызметкерлері спорт мектептері мен секция тәрбиеленушілерімен профилактикалық кездесулер ұйымдастыруда.

     Іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері жасөспірімдерге топтық төбелестердің, буллинг пен бопсалаудың, сондай-ақ өзге де заңға қайшы әрекеттердің салдары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

     Полицейлердің айтуынша, спорт ең алдымен ерік-жігерді шыңдап, тәртіпке баулып, өзара құрмет пен салауатты өмір салтын қалыптастыруға қызмет етуі тиіс.

     Кездесулер аясында оқушыларға қолданыстағы заңнама талаптары түсіндіріліп, тәжірибеден алынған нақты мысалдар келтіріледі. Сонымен қатар жасөспірімдер арасындағы жанжалды жағдайлардың алдын алу жолдары кеңінен талқылануда.

     Мамандар құқық бұзушылықтарды анықтаумен қатар, олардың алдын алудың маңызы зор екенін атап өтті. Себебі спорт мектептерінде белсенді, жігерлі әрі мақсатшыл жастар тәрбиеленіп келеді. Осыған байланысты полиция қызметкерлері олардың күш-қуатын дұрыс арнаға бағыттап, төбелеске, буллингке, бопсалауға және өзге де заңсыз әрекеттерге тартылуына жол бермеуді басты міндеттердің бірі ретінде қарастырады.