Павлодарда полиция есірткілік масаң күйде көлік басқарған жүргізушілерді ұстады

Павлодарда полиция есірткілік масаң күйде көлік басқарған жүргізушілерді ұстады

     Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі – жол қозғалысы ережелерін сақтамау ғана емес, сонымен қатар көлікті масаң немесе есірткілік әсерде басқару. Көп жағдайда ауыр жол апаттары кездейсоқтық емес, саналы түрде жасалған қауіпті әрекеттердің салдары болып табылады. Бұл жолы Павлодар қаласында патрульдік полиция қызметкерлері есірткілік масаң күйде көлік басқарған екі жүргізушіні анықтады.

– Полиция қызметкерлерінің назарын Павлов көшесімен келе жатқан Suzuki SX4 және Әуежай көпірі маңында қозғалған Audi-80 автокөліктері аударған. Жүргізушілердің әрекеті күдік тудырды. Сараптама нәтижесі бойынша, екі азаматтың да каннабиноид қолдану салдарынан есірткілік масаң күйде болғаны анықталды. Екі жүргізуші де масаң күйде көлік басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Істер сотқа жолданды, ал көлік құралдары арнайы айып тұрағына қойылды, – дейді Павлодар қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Жандос Байкенов.

     Полиция азаматтарға жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтаудың маңыздылығын еске салады. Бүгінде құқық бұзушылық үшін тек ірі айыппұл ғана емес, жүргізуші куәлігінен ұзақ мерзімге айыру және әкімшілік қамауға алу сияқты қатаң шаралар қарастырылған. Масаң немесе есірткілік күйде көлік басқару – өз өміріне ғана емес, айналадағы адамдардың қауіпсіздігіне де тікелей қауіп төндіреді.