Астанада көлік полицейлері “Мәңгілік ұмытылмас есімдер” монументіне гүл қойды

Астанада көлік полицейлері “Мәңгілік ұмытылмас есімдер” монументіне гүл қойды

     Көлік полицейлері мен ІІО ардагерлері Астанада "Мәңгілік ұмытылмас есімдер" монументіне гүл шоқтарын қойды.

     Бүгін көліктегі полиция департаментінде Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті.

     Көліктегі ПД ғимаратының алаңында орналасқан "Мәңгілік ұмытылмас есімдер" монументіне гүл шоқтарын қою рәсіміне департамент басшылығы мен жеке құрамы, сондай-ақ ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты. Жиналғандар соғыс даласынан оралмаған батырлардың рухына тағзым етіп, оларды бір минут үнсіздікпен еске алды.

     Ардагерлер өздеріне ерлік, ар-намыс және антқа адалдықтың үлгісі болған аға буын туралы ерекше толқыныспен айтты. Олардың сөзінше, сұрапыл соғыс жылдарында жанқиярлық танытқан батыр буыннан офицер абыройының, жауапкершілік пен адал қызметтің маңызын үйренген.

     Жеңіс күні — ерлік пен табандылықтың, Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің символы. Бұл күні майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің қаһармандық ерлігі зор құрметпен еске алынады. Олардың жанқиярлығы мен қайсар рухы болашақ ұрпақ үшін шынайы патриотизмнің мәңгілік үлгісі болып қала береді.

     Айта кетейік, көліктегі полиция департаментінде Ұлы Жеңістің 81 жылдығын 1 соғыс ардагері, 8 тыл еңбеккері және 6 соғыс ардагерінің жесірі қарсы алды. Олардың барлығына материалдық көмек көрсетіліп, естелік сыйлықтар табысталды. Ал салтанатты іс-шараға қатыса алмаған ардагерлерге құттықтаулар мен сыйлықтар үйлеріне жеткізілді.