
Абай облысының есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері есірткілік заттардың заңсыз айналымына қарсы күресті күшейту мақсатында жүйелі рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Аталған жұмыстарға қызметтік иттер белсенді тартылып, жоғары тиімділік көрсетіп келеді.
Рейдтер барысында, әсіресе пошта байланысы арқылы заңсыз заттардың тасымалдануына жол бермеу мақсатында "Казпошта" бөлімшелері жан-жақты тексерілді. Қызметтік иттердің жоғары сезімталдығы мен кәсіби дайындығы тексеру жұмыстарының сапалы әрі нәтижелі өтуіне мүмкіндік беруде.
Жыл басынан бері өңір аумағында 30-дан астам рейдтік тексеру өткізілді. Әрбір іс-шара тек нысандардың заң талаптарына сәйкестігін бақылаумен шектелмей, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Құқық қорғау органдары есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу, қауіпті заттардың таралуына тосқауыл қою және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруда. Қызметтік иттердің қатысуы бұл бағыттағы жұмыстың тиімділігін арттырып, оны кәсіби деңгейге көтеріп отыр.