Маңғыстауда полиция қызметкерлері үйде қамалып қалған балаларды құтқаруға көмектесті

Маңғыстауда полиция қызметкерлері үйде қамалып қалған балаларды құтқаруға көмектесті

     2 мамыр күні сағат 20:00 шамасында "102" жедел арнасына Жаңаөзен қаласы Самал шағын ауданының 13-шағын ауданындағы пәтерлердің бірінен көмек сұраған хабарлама түсті.

     Оқиға орнына жедел жеткен Жаңаөзен қалалық полиция басқармасының ювеналды полиция тобының инспекторы Б. Акимбаев пәтер есігінің іштен құлыпталып қалғанын анықтады. Анасының айтуынша, үй ішінде 2 жастағы бала мен 6 айлық сәби қалған.

     Жағдайдың шұғыл екенін ескерген полиция қызметкері пәтерге терезе арқылы кіру туралы шешім қабылдады. Көп ұзамай оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары келіп, арнайы сатының көмегімен екінші қабаттағы терезе арқылы пәтерге кіріп, есікті ашты.

     Нәтижесінде, балалар аман-есен аналарына тапсырылды. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.

     Маңғыстау облысы полиция департаменті ата-аналарды кәмелетке толмаған балаларды қараусыз қалдырмауға және тұрмыстық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.