
Жаз мезгілінің басталуымен балалар тұрғын үйлердің аулаларында көбірек уақыт өткізеді. Осы кезеңде олардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының қаупі де арта түседі.
Өткен демалыс күндері елордада кәмелетке толмағандардың қатысуымен екі жол-көлік оқиғасы тіркелді. Өкінішке қарай, олардың бірі қайғылы жағдаймен аяқталды.
Елорда полициясы ата-аналарға балалардың үнемі ересектердің бақылауында болуы тиіс екенін ескертеді. Баланы қысқа уақытқа болса да қараусыз қалдыруға болмайды. Ересек адам әрдайым жанында болып, өзге істерге алаңдамай, баланың жол бөлігіне жалғыз шығуына жол бермеуі қажет.
Жүргізушілер де барынша сақ болуы тиіс. Көлікке отырмас бұрын және қозғалысты бастар алдында көлік маңында, әсіресе "соқыр аймақтарда" балалардың жоқ екеніне көз жеткізу қажет.
Аула ішінде қозғалған кезде жылдамдықты барынша төмендетіп, кез келген сәтте баланың кенеттен жолға шығып кету ықтималдығын ескеру керек.
Полиция ескертеді: аулаларда жіберілген әрбір қателік ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Балалардың қауіпсіздігі – барлық ересектердің ортақ жауапкершілігі.