
ҚР ІІМ Ұлттық ұланда “Ұсыныс алаңы” кері байланыс платформасы іске қосылды.
Мемлекет басшысы айқындаған цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту бағыты аясында құқықтық тәртіп әскерлерінде ішкі басқарудың заманауи тетіктері енгізілуде. Соның бірі – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тапсырмасымен іске қосылған “Ұсыныс алаңы” цифрлық платформасы.
Платформа Ұлттық ұланның ақпараттық порталында орналастырылған және қызмет орны мен лауазымына қарамастан әрбір әскери қызметшіге құқықтық тәртіп әскерлерін дамытуға, қызметтік үдерістерді жетілдіруге қатысты ұсыныстар енгізуге мүмкіндік береді.
Жобаның негізгі қағидаты – кері байланыс пен “еститін қолбасшылық” ұстанымы. Платформаға келіп түскен әрбір ұсыныс әскерді дамытуға бағытталған нақты құрал ретінде қарастырылады.
Бүгінде платформа арқылы 155 ұсыныс келіп түсті. Оның 120-сы өзекті деп танылып, жұмысқа қабылданды. Бастамалар жауынгерлік және жедел-қызметтік әзірлік, инженерлік-техникалық қамтамасыз ету, ұйымдастырушылық-штаттық іс-шаралар, тәрбиелік және әлеуметтік-құқықтық жұмыс, сондай-ақ басқа да маңызды бағыттарды қамтиды.
Келіп түскен ұсыныстар Бас қолбасшылықтың бейінді сарапшыларымен 15 күн ішінде қаралады. Ешбір бастама жауапсыз қалмайды, оның ішінде іске асыруға жатпайтын ұсыныстар да назардан тыс қалмайды. Мұндай жағдайда әскери қызметшіге себептері түсіндірілген сараптамалық қорытынды мен идеяны одан әрі пысықтауға қатысты ұсынымдар беріледі.
“Ұсыныс алаңы” әскери қызметшілер бастамасының нақты нәтижеге ұласатынын көрсетуде. Әрбір ұсыныс назарға алынып, әскерді дамытуға бағытталған маңызды қадамға айналуы мүмкін.