
Павлодар облысында "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс жүргізуде. Іс-шараның негізгі мақсаты — қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азаматтардың қауіпсіздігін арттыру.
Екібастұзда полиция қызметкерлері қала көшелерінде және аулаларда күшейтілген бақылау жүргізіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуда. Тек бір тәулік ішінде тәртіп сақшылары мас күйінде көлік басқарудың 8 дерегін анықтады. Сондай-ақ жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан рульге отырған 3 жүргізуші ұсталды. Бұдан бөлек, 15 жүргізуші жол қиылыстарында басымдық беру ережелерін бұзып, басқа көліктерге жол бермеген.
Қоғамдық тәртіп саласында да бірқатар бұзушылықтар тіркелді. Полиция азаматтарға тиісудің 20 фактісін тоқтатып, қоғамдық орындарда ішімдік ішу немесе мас күйінде жүрудің 10 жағдайын анықтады. Барлық құқық бұзушылар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды.
Екібастұз қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция ротасының командирі Арман Құрманғали мұндай шаралардың басты мақсаты — ауыр құқық бұзушылықтардың алдын алу екенін атап өтті.
— Заң талаптарын сақтау — тек міндет емес, әрбір тұрғынның қауіпсіздігінің кепілі. Жолдағы жауапкершілік пен қоғамдағы өзара құрмет қана қайғылы жағдайлардың алдын алады, — деді ол.
Павлодарда да "Құқықтық тәртіп" іс-шарасы аясында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қаланың адам көп шоғырланған нүктелерін қамтыған ауқымды рейд өткізді. Бақылау тек жол қозғалысымен шектелмей, қоғамдық орындар мен ойын-сауық мекемелерін де қамтыды.
Полиция өкілдерінің айтуынша, мұндай шаралар тұрақты түрде өткізіліп отырады. Оның негізгі мақсаты — құқық бұзушыларды жауапкершілікке тарту ғана емес, әрбір тұрғын мен қала қонағы үшін қауіпсіз орта қалыптастыру.
— Қала аумағы толық бақылауда. Патрульдік экипаждар көлік қозғалысын да, адамдар көп жиналатын орындарды да тексеруде. Ерекше назар ойын-сауық орындарына аударылған, — деді Павлодар қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Жандос Байкенов.
Полиция қызметкерлері атап өткендей, "Құқықтық тәртіп" іс-шарасы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған. Мұндай рейдтер азаматтардың заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыруға және өңірдегі қауіпсіз орта деңгейін арттыруға ықпал етеді.