Алматыда тұрғындардың қырағылығының арқасында полицейлер ауыр қылмыстың алдын алды

Алматыда тұрғындардың қырағылығының арқасында полицейлер ауыр қылмыстың алдын алды

     Алматыда тұрғындардың қырағылығының арқасында 81 жастағы зейнеткерге қатысты ауыр қылмыстың алдын алу мүмкін болды. Полицейлер оны заңсыз ұстап, мүлкін иемденбек болған күдіктілерді дер кезінде қолға түсірді.

     Алматы қаласының Түрксіб ауданында полиция қызметкерлері ер адамды заңсыз бас бостандығынан айыру және оған қатысты алаяқтық жасау әрекетімен байланысты ауыр қылмыстың жолын кесті.

     Алматы қаласында жалғыз тұратын 81 жастағы зейнеткердің жоғалып кеткені туралы полицияға оның танысы хабарлаған.

     Жедел әрекет ету нәтижесінде зейнеткер қала маңындағы елді мекендердің бірінде, жергілікті тұрғындардың үйінен табылды. Оны ұрлады деген күдікпен үш азамат ұсталды.

     Анықталғандай, күдіктілер жәбірленушінің сеніміне кіріп, оның осал жағдайын пайдалана отырып, бас бостандығын шектеген және жылжымайтын мүлкін өз атына рәсімдеуге көндірмек болған.

     Адам ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер — екі ер адам мен бір әйел уақытша ұстау изоляторына қамалды.

- Азаматтардың дер кезінде хабарлауы мен полиция қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында ауыр салдардың алдын алып, зейнеткердің құқықтары қорғалды, — деді Түрксіб аудандық полиция басқармасының бастығы Думан Аухадиев.

     Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға, сондай-ақ әрбір күдіктінің рөлін айқындауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде.