БҚО ПД қоғамдық орындарда бет-жүзді жабатын киімдерге қатысты талаптарды түсіндірді

БҚО ПД қоғамдық орындарда бет-жүзді жабатын киімдерге қатысты талаптарды түсіндірді

     Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті қоғамдық орындарда жеке тұлғаны көзбен шолып тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге қатысты заңнама талаптарының қолданыста екенін еске салды.

     Түсіндіру жұмыстары қаланың ірі сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде жүргізілді. Полиция қызметкерлері белгіленген талаптарға сәйкес қоғамдық орындарда бет-жүзді толық жабатын киімдер мен аксессуарларды, атап айтқанда никаб, бурка, балаклава және өзге де адамның тұлғасын тануды қиындататын заттарды киюге тыйым салынатынын түсіндірді.

     Медициналық көрсетілімдер болған жағдайда ғана қорғаныш маскаларын қолдануға рұқсат етіледі.

     Бұл шаралар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, сондай-ақ бейнебақылау жүйелерінің тиімділігін арттыруға бағытталған.

     Сонымен қатар аталған шектеулер беті ашық болған жағдайда дәстүрлі, ұлттық және діни киім элементтеріне қолданылмайды.

     Заңнамада бет-жүзді жабуға рұқсат етілетін ерекше жағдайлар да қарастырылған. Атап айтқанда:

     – медициналық көрсетілімдер болған кезде;

     – қолайсыз ауа райы жағдайларында;

     – қызметтік (лауазымдық) міндеттерді орындау барысында;

     – спорттық, мәдени және өзге де бұқаралық іс-шараларға қатысу кезінде.

     Аталған талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген: алғаш рет — ескерту, ал бір жыл ішінде қайталап бұзылған жағдайда — әкімшілік айыппұл салынады.

     Полиция азаматтарды Қазақстан Республикасының заң талаптарын сақтауға шақырады.