“Спорт — есірткіге қарсы”: Қарағандыда денсаулық марафоны өтті

“Спорт — есірткіге қарсы”: Қарағандыда денсаулық марафоны өтті

     Қарағандыда есірткіге қарсы денсаулық марафоны өтті.

     Өткен сенбі күні Қарағанды қаласының Орталық саябағы спорттық серпінге толы алаңға айналды. Мұнда дәстүрлі “Шуақты көктем” жеңіл атлетикалық кросы өтіп, жүздеген мектеп оқушысын “Қарағанды – есірткісіз қала” ұраны аясында біріктірді.

     Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және есірткіге тәуелділіктің алдын алу. Бастаманы қалалық спорт бөлімі мен есірткімен байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі қоғамдық кеңес мүшесі Гүлнұр Жәкен қолдады. Жарысқа қала мектептерінің 573 оқушысы мен 290 студент қатысып, жоғары дайындық деңгейін және жеңіске деген жігерін көрсетті.

     Қатысушыларға ерекше ынта сыйлаған жүлде қоры 500 000 теңгені құрады. Оны Қарағанды облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұсынды. Ақшалай сертификаттар 10 жеңімпазға табысталды. Сонымен қатар жүлдегерлерге естелік сыйлықтар мен құрмет грамоталары берілді.

     “Шуақты көктем” кросы Қарағанды жастары үшін спорт – дені сау әрі қауіпсіз болашақтың кепілі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.