
Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қызметкерлері арасында дзюдодан өткен республикалық чемпионат өз мәресіне жетті.
Екі күнге созылған жарысқа еліміздің әр өңірінен келген 300-ден астам полиция қызметкері қатысып, жоғары кәсіби дайындықтарын, қайсарлық пен жеңіске деген жігерін паш етті. Алғашқы кезеңде спортшылар жеке салмақ дәрежелері бойынша сынға түссе, қорытынды күні командалық есеп бойынша үздіктер анықталды.
Чемпионат қорытындысы бойынша жүлделі орындар келесідей бөлінді:
І орын — Алматы қаласы полиция департаментінің құрама командасы;
ІІ орын — ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының командасы;
ІІІ орын — Қызылорда облысы полиция департаментінің құрама командасы.
Жабылу рәсімі аясында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып, үздік спортшыларға құрмет көрсетілді. Ауқымды спорттық шараның қорытындысы шығарылып, қатысушылардың еңбегі жоғары бағаланды.
Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов өз сөзінде турнирдің маңыздылығына ерекше тоқталды:
— Бұл чемпионат полиция қызметкерлерінің тек кәсіби маман ғана емес, сонымен қатар физикалық тұрғыдан шыныққан, төзімді спортшылар екенін айқын көрсетті. Командалық жетістік — ұйымшылдықтың, өзара қолдаудың және ортақ мақсатқа ұмтылыстың нәтижесі. Мұндай қасиеттер қызмет тиімділігін арттырып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің берік негізін қалайды, — деді ол.
"Заң және тәртіп" қағидаты аясында ұйымдастырылған бұл чемпионат дене дайындығы, тәртіп пен командалық рухтың құқық қорғау қызметінің сапасына тікелей ықпал ететінін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Аталған турнир тек спорттық дода ғана емес, сонымен қатар еліміздің түкпір-түкпірінен келген құқық қорғау органдары қызметкерлері арасындағы кәсіби байланыстарды нығайтуға, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берген маңызды алаң болды.