Елордада полицейлер сенбілікке шықты

Елордада полицейлер сенбілікке шықты

     Астана қаласы полиция департаментінде "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында кезекті сенбілік ұйымдастырылды.

     Іс-шараның басты мақсаты — қоршаған ортаны қорғау, қаланың санитарлық жағдайын жақсарту және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

     Сенбілікке департаменттің барлық жеке құрамы белсенді қатысты. Полицейлер аумақтарды қоқыстан тазартып, жасыл желектерді ретке келтірді. Сонымен қатар шырша көшеттерін отырғызып, іргелес аумақтарды абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

     Тәртіп сақшылары елорда тұрғындарын тазалықты сақтауға және экологиялық акцияларға белсенді қатысуға шақырды.

     Айта кету керек, бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасуда. "Таза Қазақстан" акциясы аясында полиция қызметкерлері абаттандыру талаптарының сақталуын бақылау мақсатында рейдтік іс-шараларды жүйелі түрде өткізіп келеді.

     Астана қаласы полиция департаменті қала тазалығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету — баршаға ортақ міндет екенін атап өтті. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында ғана елорданы өмір сүруге қолайлы әрі таза қалаға айналдыруға болады.