Түркістанда жол қауіпсіздігі бойынша ауқымды рейд өтті

Түркістанда жол қауіпсіздігі бойынша ауқымды рейд өтті

     Түркістан облысында республиканың үш өңірінен келген полиция қызметкерлерінің қатысуымен өткен бірлескен жұмыс күнінің қорытындысы шығарылды. Нәтижесінде бір тәуліктің ішінде 1600-ге жуық құқық бұзушылық анықталып, заң талаптарын бұзған азаматтарға тиісті шаралар қолданылды. Сонымен қатар 129 автокөлік айыптұраққа қойылды.

     Анықталған құқық бұзушылықтардың қатарында мас күйде көлік басқарудың 2 дерегі, жүргізу құқығынсыз рөлге отырудың 28 фактісі, қарсы бағытқа шығудың 2 жағдайы, бағдаршамның қызыл түсіне өтудің 18 дерегі, сондай-ақ көлік басқару кезінде ұялы телефон пайдаланудың 113 жағдайы тіркелген. Бұдан өзге де өрескел заң бұзушылықтар анықталды.

     Мәселен, Қызылорда облысынан келген полицейлер Түркістан қаласындағы Б.Саттарханов көшесінде патрульдеу кезінде көлік басқару құқығынан айырылған жүргізушіні анықтады. Mercedes-Maybach автокөлігін басқарған азамат 2025 жылдың сәуір айында жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан, заң талаптарын елемей, қайтадан рөлге отырған.

     Ал Батыс Қытай – Батыс Еуропа автожолында Chevrolet Cobalt көлігінің жүргізушісі арнайы жарық және (немесе) дыбыс сигналдарын беретін құрылғыларды тиісті рұқсатсыз орнатқаны үшін жауапкершілікке тартылды.

     Мұндай бірлескен іс-шаралар полиция қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға, тәжірибе алмасуға және өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік береді.