ІІМ-де кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды

ІІМ-де кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды

     Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қоғамдық қауіпсіздік және ювеналдық полиция бөлімшелерінің басшыларына арналған семинар өткізуде.

     Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласындағы ішкі істер органдары қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында 23–25 сәуірі аралығында ІІМ базасында аумақтық полиция департаменттерінің қоғамдық қауіпсіздік басқармалары мен ювеналдық полиция бөлімшелерінің басшылық құрамына арналған семинар ұйымдастырылуда.

     Семинар жұмысына ІІМ-нің бейінді қызметтерінің өкілдері, Басқару академиясының қызметкерлері қатысуда.

     Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету – мемлекет пен қоғам алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі. Осыған байланысты ІІМ заңнаманы жетілдіру және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.

     Атап айтқанда, 2024 жылы балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамалық түзетулер қабылданды.

     2025 жылы да балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін жаза қатаңдатылды. Бұған дейін ең жоғары жауапкершілік шарасы 40 тәулікке дейінгі әкімшілік қамақ болса, қазіргі таңда 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы көзделген.

     Қабылданған шаралар оң нәтижесін беруде. Осы жылдың алғашқы үш айының қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар саны 12% төмендеді.

     Алдын алу жұмыстарын күшейту мақсатында ІІМ әрбір мектепке учаскелік инспекторларды, сондай-ақ ювеналдық және криминалдық полиция қызметкерлерін бекітті. Олар оқушылар мен педагогтар арасында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жыл басынан бері буллингтің 133 фактісінің жолы кесіліп, барлық кінәлі тұлға жауапкершілікке тартылды.

     Семинар өткізу жасөспірімдер қылмысының алдын алу бойынша бірыңғай тәсілдерді қалыптастыруға, профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыруға және полицияның білім беру ұйымдарымен, қорғаншылық органдарымен әрі қоғаммен өзара іс-қимылын нығайтуға бағытталған.

— Бала құқықтарын қорғау – бір реттік шара емес, бұл күнделікті әрі жүйелі жұмыс. Бүгінде құқық бұзушылық фактілеріне тек әрекет ету ғана емес, олардың алдын алу, мектептер мен отбасыларда қауіпсіз орта қалыптастыру аса маңызды. Бұл семинар ювеналдық полиция басшыларының кәсіби құзыреттерін күшейтуге, профилактиканың бірыңғай стандарттарын енгізуге және жергілікті деңгейде қабылданатын шаралардың нәтижелілігін арттыруға мүмкіндік береді, — деп атап өтті ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы М.Қабденов.

     Ішкі істер министрлігі әрбір баланың өзін қауіпсіз сезінуіне және толыққанды дамуына жағдай жасалатын қауіпсіз ортаны қалыптастыру бағытындағы жұмысты жалғастырады.